UNHCR түсіндірмелері
2021 жылдың 3 желтоқсанында Венесуэла отбасы Чили шекарасына параллель өтетін Перудің Оңтүстік аймағындағы Такнадағы тас жолмен жүруде. © UNHCR/Raul Garcia Pereira
English | Русский | Кыргызча | O’zbekcha
Бір елден екінші елге көшетін барлық адамдар өздерінің құқықтары мен абыройының толық құрметтелуіне лайық. Адамдарды үйлерінен кетуге әртүрлі себептер мен мотивтер итермелейді, сондықтан шыққан еліне оралған жағдайда өміріне қауіп төнген немесе қауіп төнуі мүмкін адамдарға қатысты туындайтын және қолданылатын әртүрлі халықаралық құқықтық міндеттемелер бар.
“Босқын” термині халықаралық құқықта ресми анықталған және қорғалған. Бұл термин қуғын-сүргіннен, қақтығыстардан, зорлық-зомбылықтан, адам құқықтарының ауыр бұзылуынан немесе қоғамдық тәртіпті бұзатын басқа оқиғалардан қашып, басқа елде пана іздеуге мәжбүр болған адамдар туралы айтқанда қолданылады. Нәтижесінде бұл адамдар шыққан елі оларды қорғай алмауы немесе қаламауының себебінен басқа елден халықаралық қорғауды қажет етеді. Осылайша олар адамның негізгі және жалпыға бірдей құқықтарының бірін, яғни пана іздеу және алу құқығын жүзеге асырады. Халықаралық босқындарды қорғау құқығына сәйкес, адам әлі мемлекеттер немесе UNHCR тарапынан босқын ретінде ресми мойындалмаса да босқынның ресми анықтамасына сәйкес келе бастаған сәттен бастап босқын саналуы тиіс.
Халықаралық құқыққа сәйкес мемлекеттердің босқындарға қатысты нақты міндеттемелері бар, соның ішінде:
Кейбір елдерде босқындар елде заңды болудың басқа түрлеріне қол жеткізе алады, соның ішінде еркін қозғалу келісіміне негізделіп жұмыс жасау немесе студенттік визамен білім алуы мүмкін. Сол себептерден олар кейде пана сұраудан бас тартады. Алайда, бұл адамдардың халықаралық қорғау қажеттілігіне немесе оған құқықтың болуына әсер етпейді.
Пана іздеушілер – бұл халықаралық қорғауға жүгінгісі келетін немесе олардың пана алу туралы өтініші әлі қаралмаған тұлғалар. Мемлекеттер өз шекараларына жақындаған және панаға мұқтаж әрбір адамға өз аумағына кіруге, өз жағдайы туралы айтуға және мәселені әділ әрі тиімді қарастыруға қол жеткізуге мүмкіндік беруге міндетті. Әрбір пана іздеуші ақыр соңында босқын ретінде танылмаса да, пана беру туралы әрбір өтініш әділ және тиімді қаралуы керек.
Халықаралық құқық “мигрант” терминіне нақты анықтама бермегенмен бұл термин мемлекеттік қудалау қаупі, денсаулық ауыртпашылықтары немесе өлімге байланысты емес, бірақ басқа себептермен, соның ішінде жұмыс істеу, білім алу немесе отбасымен қауышу мақсатында шекарадан өтуге шешім қабылдаған адамдарға қатысты қолданылады. Кейде себептер неғұрлым күрделі болуы мүмкін, мысалы, экологиялық апаттардан, аштықтан немесе кедейліктен қашу.
Осы себептерге байланысты өз елдерінен кететіндер, әдетте, халықаралық қорғауды қажет етпейді. Бұл тұлғалардың босқындардан басты айырмашылығы олар шетелде болған кезде және қайтып оралғанда да өз елінің қорғауында болады.
Мигранттар “босқын” анықтамасының критерийлеріне сәйкес келмесе де, сапарының әртүрлі кезеңдерінде көмекке, қолдауға және өз құқықтарын қорғауға мұқтаж болуы мүмкін. Олар адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықпен қорғалады және кейбір жағдайларда шыққан еліне оралудан немесе қабылдаушы елден шығарылудан қорғауға құқылы болуы мүмкін.
Босқындар мен мигранттар құрлық пен теңіз шекаралары арқылы бірдей маршруттармен саяхаттаған кезде әлемде аралас сипаттағы қозғалыстар орын алады. Құқықтық мәртебесі мен мотивтеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, олар жолда бірдей қауіптерге тап болуы мүмкін, соның ішінде адам саудагерлері, контрабандистер, қылмыскерлер, қарулы элементтер, басқа да жосықсыз субъектілер, тіпті шекарашылар немесе басқа да лауазымды тұлғалар тарапынан зорлық-зомбылық, қорлық және қанау көруі мүмкін.
Шыққан елінен тыс сапарлар кезінде орын алған осындай оқиғалар “мигрантты” автоматты түрде “босқынға” айналдырмаса да (босқын мәртебесі адамның үйіне қауіп-қатерге, зорлық-зомбылыққа немесе денсаулығына туындайтын зиянға байланысты орала алмайтындығын білдіретіндіктен), барлық мемлекеттер адамдарды өз шекараларында қабылдау кезінде адамгершілікке негізделген адам құқықтарын ұстануы керек. Олар халықаралық қорғауды қажет ететін адамдардың (босқындардың) тез пана алуын және адам саудасының немесе адам құқықтарының бұзылуының құрбандарының, яғни босқындар немесе мигранттардың тез анықталып, қажетті қолдауға ие болуын қамтамасыз етуі керек.
Халықаралық қауымдастық босқындар мен мигранттар арасындағы айырмашылықты бұрыннан мойындаған. Арасындағы айырмашылық өткен ғасырда босқындар үшін арнайы әзірленген кодификацияланған заңдар жинағынан (1951 жылғы босқындар туралы Конвенция және оған 1967 жылғы Хаттама, сондай-ақ 1969 жылғы босқындар туралы ОАА Конвенциясы сияқты басқа да құқықтық құралдар) бастап жаңадан қабылданған Нью-Йорктегі босқындар туралы декларацияға және одан туындаған Босқындар туралы жаһандық келісім және Көші-қон жөніндегі жаһандық шарт сияқты екі бөлек негіздемелік келісімдерге дейін анық көрсетілген.
Қоғамдық дискурста, бұқаралық ақпарат құралдарында және статистикалық есептілікте “мигрант” терминін мигранттарды да, босқындарды да сипаттауға қолданудың алаңдатарлық өсіп келе жатқан тенденциясы байқалады. Ұғымдарды осылай шатастыру тек қана қате емес, сонымен қатар халықаралық қорғауды қажет ететін адамдар үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Босқындар мен пана іздеушілерді мигранттар (немесе “заңсыз”, “рұқсат етілмеген” немесе “құжатсыз” келгендер) деп қате атау осындай салдарға әкеледі:
Аралас сипаттағы қозғалыс жағдайларындағы адамдардың қажеттіліктері мен айырмашылықтарын мойындап, ұғымдарды шатастырудың салдарын болдырмау және ойдың дәл әрі айқын болуы үшін оларды “босқындар” және “мигранттар” деп атау дұрыс. Бұл туындаған мәселені дұрыс анықтауға және оған жөнді жауап беруге, мысалы босқындарға панаға қол жетімділікті қамтамасыз етуге немесе мигранттарға қажетті жеке қолдау көрсетуге жол ашады. Кең мағынада босқындар мен мигранттарды “қозғалыстағы адамдар”, “тұлғалар” немесе жай ғана “адамдар” деп атаған жөн.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу