UNHCR, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі агенттігі 30-31 мамыр Астанада судьяларға арналған екі күндік тренингті өткізді. Тренингтің мақсаты 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы Конвенция мен халықаралық стандарттарға сәйкес судьяларға пана беруге тиісті істерді қарау кезінде босқындар туралы ұлттық заңнаманың ережелерін және соған байланысты актілерді біркелкі қолдануға қолдау көрсету болып табылады.
Бұл 2022 жылы пана беру туралы өтініштерді қабылдау және босқын мәртебесін анықтау туралы шешімдерді беру жауапкершілігі әрбір қалалық және облыстық әкімшіліктің жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімдеріне берілгеннен бері пана іздеушілердің істерін қарайтын судьяларға арналған алғашқы осындай тренинг.
Тренингке облыстық соттар мен Астана, Алматы және Шымкент соттарының әкімшілік істері жөніндегі сот алқаларының, мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың жиырма судьясы, сондай-ақ БҰҰ және гуманитарлық серіктестер өкілдері жиналды. Жаңа Зеландия, Молдова Республикасы, Словения және Украинадан келген судьялар мен сарапшылар Азия-Тынық мұхиты аймағында, Еуропада және Таяу Шығыста пана беру бойынша қолданыстағы сот практикасына арналған сессиялар өткізді. Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюро мен UNHCR халықаралық стандарттар және ағымдағы қазақстандық тәжірибе туралы сессиялар өткізді.
Сессияларда босқындарды қорғаудың халықаралық құқықтық негіздері, босқын мәртебесін анықтау жөніндегі комиссиялардың шешімдерін қайта қараудың халықаралық тәсілдері, босқын мәртебесін анықтаудағы дәлел ретінде шыққан ел туралы ақпараттың рөлі және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылды.
“Қазақстанның құқықтық жүйесі шеңберінде босқындар мен пана іздеушілерді қорғауды күшейту, озық тәжірибе алмасу, ұлттық және халықаралық деңгейлердегі сот органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін осы платформаны құруға жәрдемдесу біз үшін үлкен мәртебе”, – деді Қазақстандағы UNHCR Ұлттық кеңсесінің басшысы Ирина Билялова. “Халықаралық қорғауды қажет ететін адамдарға сапалы пана беру рәсімдеріне, сондай-ақ қашуға мәжбүр болған тұлғалар ретінде тиісті құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ету оларға жомарттықпен қабылдайтын қауымдастықтардың тұрақты дамуына маңызды үлес қосуға мүмкіндік береді”.
2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 473 пана іздеуші және босқындар туралы ұлттық заңға сәйкес мойындалған 262 босқын тұрады. Қазақстандағы босқындардың көпшілігі елде ондаған жылдар бойы тұрып келеді, мәдени тұрғыдан бірлестірілген және ары қарай елде қалуға ынталы. 1998 жылы Қазақстан 1951 жылғы Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және оған 1967 жылғы Хаттамаға қосылып, босқындарды қабылдайтын басқа елдермен жауапкершілікті бөлісуге, босқындарға қауіп төнген жағдайда қайтармауға және оларға өз аумағына кіруге, сапалы пана беру мен қорғаудың рәсімдеріне, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық құқықтарына қол жеткізуге міндеттеме алды.
UNHCR Қазақстан Үкіметін пана беру рәсімдерін күшейту және қашуға мәжбүр болған адамдар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау, құжаттау және қорғау үшін ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша қолдайды.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу