Босқындарды қорғау
1989 жылы Қазақстан Босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы Конвенцияға («1951 жылғы Конвенция») және Босқындар мәртебесіне қатысты 1967 жылғы Хаттамаға қатысушы мемлекет болып қосылды.
2009 жылдың желтоқсанында «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, ол 2010 жылдың қаңтарында күшіне енді. Содан бері Қазақстан Республикасының Үкіметі босқын мәртебесін анықтауды толықтай өз мойнына алды және ұлттық пана беру рәсімдерін енгізді.
Босқындар туралы конвенцияға және Босқындар жөніндегі жаһандық шарттың қадағалауына өзінің міндеттемесін растай отырып, 2023 жылғы Босқындар жөніндегі жаһандық форумда Қазақстан бес міндеттеме берді, оның ішінде босқындар мен пана іздеушілердің аумаққа кедергісіз қол жеткізуін және пана беру рәсімдерін қамтамасыз ету үшін қайта бағыттау рәсімдерін қабылдау, босқындардың азаматтармен және тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмекке, жұмысқа, білім алуға және әлеуметтік көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндеттенді.
UNHCR пана беру рәсімдерін күшейту, ұлттық заңнаманы жетілдіру мақсатында және барлық босқындардың білім, денсаулық сақтау және жергілікті интеграция сияқты құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін үкіметпен жұмыс жасайды.
Азаматтығы жоқ тұлғалардың мәселесін шешу
2014 жылы «Азаматтығы жоқтықты тоқтатуға арналған #IBelong» жаһандық науқаны басталғаннан бері Қазақстан тұлғаның азаматтықты анықтау жүйелерін енгізді, барлық балалардың туу кезінде тіркелуін және ата-анасының заңды мәртебесіне қарамастан туу туралы куәлік беруін қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізді және 14,000-ға жуық азаматтығы жоқ тұлға азаматтық дәрежесіне ие болды.
2023 жылғы босқындар мәселелері бойынша жаһандық форумда Қазақстан азаматығы жоқтықты барынша азайту және азаматтығы жоқ адамдардың санын натурализация арқылы азайту үшін тиісті кепілдіктерді белгілеуді міндеттенді. Қазақстан 2019 жылғы әрбір баланың туылған кезде медициналық ұйымдарда тіркелуін қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемесін орындады.
UNHCR Қазақстан Үкіметіне азаматтығы жоқ адамдарды анықтау, тіркеу және қорғау, сондай-ақ азаматтығы жоқтықты болдырмау және азайту үшін нормативті-құқықтық пен әкімшілік механизмдерді әзірлеуге және нығайтуға жәрдемдеседі және Қазақстанның азаматтығы жоқтық туралы 1954 және 1961 жылғы конвенцияларына қосылуына белсенді түрде ат салысады.
UNHCR Қазақстандағы босқындарды, пана іздеушілерді және азаматтығы жоқ адамдарды қорғау және оларға көмек көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс істейді.
UNHCR мемлекеттік органдармен, БҰҰ агенттіктерімен, халықаралық ұйымдармен және басқа серіктестермен босқындардың, пана іздеушілердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына жету жолында артта қалып қоймауын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.
UNHCR Қазақстандағы Ұлттық кеңсесі Астанада, ал Орталық Азияда бойынша UNHCR аймақтық өкілдігі Алматыда орналасқан.
UNHCR-дің Қазақстандағы жұмысы туралы көбірек білу үшін елдің ақпараттық парағын оқыңыз.