Жиырма жыл бұрын Қазақстандағы отбасының үйі өртеніп кеткенде, Виктор бар дүниесінен, жеке басын куәландыратын құжаттарынан және болашаққа деген үмітінен айырылды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Виктор* мен оның отбасы Қазақстанға келгенде, олар Кеңес Одағының ыдырауынан кейін аймақта көшіп-қонып жүрген мыңдаған адамдардың санаулысы ғана еді. Осылайша Виктордың отбасы жаңа тәуелсіз мемлекетте жеке басын куәландыратын КСРО төлқұжаттары арқылы қоныстанды.
Небәрі алты жасында Виктор КСРО құжаттарымен Қазақстандағы бастауыш мектепке қабылданып, кейін орта мектепте білім алып, жарқын болашағының бар екенінде күмәні болмады.
Алайда бар болғаны бір күннің ішінде оның болашағы күрт бұлыңғырланды – жойқын өрт отбасының үйін жалмап, барлық дүние-мүлкімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын да күлге айналдырды. Сол кезде-ақ жасөспірім Виктор бұл жағдайдың үлкен мәселеге айналатынын бірден түсінді.
Бұл оқиғадан кейін орта мектепті бітірген әрі жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіре алмаған Виктордың өмірінде үлкен кедергілер тап бола бастады. Мысалы ол ресми жұмысқа орналаса алмады, медициналық көмекке қол жеткізе алмады, тіпті ел ішінде еркін қозғалу мүмкіндігінен айырылды. Жеке басын немесе азаматтығын растайтын куәліксіз, Виктордың ресми болмысы жоқ еді. «Ресми жұмыс таба алмайсың,» – дейді ол. «Немесе бір жерге де саяхаттай алмайсың».
«Ресми жұмыс таба алмайсың. Немесе бір жерге де саяхаттай алмайсың.»
Виктор Орталық Азияда жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ және азаматтығы жоқ тұлға болу қаупі бар жүздеген мың адамдардың бірі болды. 2014 жылы, өрттен шамамен 20 жыл өткен соң, Орталық Азияда әлі де азаматтығы жоқ немесе азаматтығы жоқ болу қаупі бар 255 000-нан астам адам белгілі болған.
Азаматтығы немесе қандай да бір заңды мәртебесі бар екенін дәлелдейтін құжаттары болмағандықтан, олар көбінесе білім, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу және қозғалыс еркіндігі сияқты негізгі құқықтарға қол жеткізуде қиындықтарға тап болады. Азаматтығы жоқтық адамдарды негізгі құқықтарынан айырып, оларды құқықтық тұрғыда белгісіздікке ұшыратады және қоғам өміріне толықтай араласу мүмкіндігінен айырады.
Жылдар бойы Виктор өзін шеттеткен әлемде орнын табуға тырысты. Жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, алға басқан әрбір қадамы биік шыңға шыққандай болды. Ол UNHCR серіктесі Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюромен (BHR) байланысқанда ғана үміт нұрын көргендей болды.
Ол қазіргі таңда Ресей Федерациясының бір бөлігі болып табылатын қалада дүниеге келгендіктен, Виктордың жағдайын шешу үшін бірінші қадам оның Ресей азаматтығының бар-жоғын тексеру болды. BHR заңгерлері Викторға өз ісін елшілікке жіберуге көмектесті, нәтижесінде ол Ресей азаматы ретінде саналмайтынын растады. Осы растаманың арқасында ол Қазақстанда азаматтығы жоқ тұлға ретінде танылу үшін өтініш берді.
Қазақстанда азаматтығы жоқ тұлғалардың арнайы куәлігі бар. Онымен адамдар шектеулі құқықтарға ие болады, соның ішінде жұмыс істеу, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу және кейіннен натурализацияға өтініш беру мүмкіндігіне ие болады.
Алайда жаңа мәртебеге қарамастан, Виктор қиындықтарға тап болуын жалғастырды. «Олар [ресми тұлғалар] ерекше құжаттарды көріп, көп сұрақтар қояды», – деп түсіндірді ол. «Мен оларға өзімнің жеке идентификациялық нөмірім бар екенін, салық төлейтінімді түсіндіруім керек». Осындай әрбір кездесу Викторды өзін қатал бақылауда тұрғандай, мазасыздық сезімінде қалдыратын.
Аталған қиындықтарға қарамастан, Қазақстандағы заңнамалық өзгерістер Виктор үшін жаңа үміт отын жақты. Ел ішінде азаматтықты анықтау және жалпы тіркеу рәсімдері енгізілді, бұл қолданылатын тәжірибені халықаралық стандарттарға жақындатты. Осы өзгерістердің нәтижесінде Виктордың қызы дүниеге келгенде, ол анасының азаматтығы арқасында бірден Қазақстан азаматы ретінде танылды.
2024 жылы ұзақ жылдарға созылған табандылықтан кейін Виктор ресми түрде Қазақстан азаматтығын алды. «Енді менде үміт бар», – деді ол. «Бізге құжаттарды алу өте қиын болды, бұл өте ұзаққа созылды. Енді [жеке басын куәландыратын] құжаттармен… мен кез келген жерге бара аламын, кез келген нәрсе істей аламын».
«Енді менде үміт бар. Бізге құжаттарды алу өте қиын болды, бұл өте ұзаққа созылды. Енді [жеке басын куәландыратын] құжаттармен… мен кез келген жерге бара аламын, кез келген нәрсе істей аламын».
Виктордың оқиғасы жалпы Қазақстандағы кең ауқымды прогрестің көрінісі болып табылады. 2023 жылғы Босқындар мәселелері жөніндегі жаһандық форумда Қазақстан Үкіметі бес міндеттеме берді, оның ішінде натурализация арқылы азаматтығы жоқтықтың жағдайларын қысқарту. 2024 жылдың шілдесінде үкімет бүкіл ел бойынша азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша жалпыұлттық науқанды бастады.
2024 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша жалпы Қазақстанда азаматтығы жоқ 8019 тұлға бар. Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті UNHCR, BHR және Сана Сезім сияқты серіктестермен бірлесе отырып, мыңдаған адамдарға азаматтықты растауға және құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі.
2024 жылдың қараша айында Қазақстан Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен бірігіп, Орта Азиядағы азаматтығы жоқтықты жою туралы Ашхабад декларациясын қабылдады. Қазақстан басқа да көптеген БҰҰ мүше-мемлекеттерге қосылып, азаматтығы жоқтық бойынша БҰҰ-ның екі конвенциясына қосылуға дайын. Осы екі конвенцияға жалпыға бірдей қосылу бір ұрпақ ішінде әлемдегі барлық азаматтығы жоқтықтың толық жойылуына әкеледі.
Виктор мен оған ұқсас жандар үшін табандылық, құқықтық қолдау және халықаралық ынтымақтастық арқылы болашақ жарқын болмақ.
* Жеке тұлғаның құпиялылығы үшін аты өзгертілді
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу