Азаматтығы жоқтық бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдарға әсер етіп, олардың өмірі мен мүмкіндіктерін шектейді. Бұл мақалада сіз азаматтығы жоқтық қалай туындайды және оны шешу үшін не істеуге болатыны туралы ақпаратты таба аласыз.
1954 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Апатридтердің мәртебесі туралы Конвенциясына сәйкес, азаматтығы жоқ тұлға “кез-келген мемлекеттің заңнамасы бойынша азаматы болып саналмайтын тұлға”.
Адамдар өздеріне тәуелді емес себептердің әсерінен азаматтығы жоқ тұлғаларға айналады, ал бұл оларды азаматтығы мен ресми бейнесінен қалдырады. Осылайша, бұл адамдар маргиналданған және азаматтық құқықтарынан айырылған. 2023 жылдың соңында UNHCR әлемде 4,4 миллион адамның азаматтығы жоқ немесе азаматтығы анықталмаған екенін хабарлады.
2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда, Қырғыз Республикасында, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Өзбекстанда 38,000-нан астам азаматтығы жоқ немесе азаматтығы анықталмаған адамдар туралы белгілі болды. Азаматтығы жоқтықтың жаңа жағдайлары әрдайым анықталып жатқандықтан олардың нақты саны одан да жоғары деп болжануда.
Адам белгілі бір этникалық, діни немесе басқа кішігірім топтарға тиістіліктің белгісі бойынша дискриминация әсерінен немесе одан басқа әртүрлі жағдайларға байланысты азаматтығы жоқ адам атанады. Шындығында, әлемдегі әйгілі азаматтығы жоқ адамдардың көпшілігі кішігірім топтардың (меньшинства) өкілдері.
Гендерлік дискриминация азаматтығы жоқтықтың пайда болуының тағы бір маңызды себебі болып табылады. Мәселен, әлемнің 24 елінде аналардың өз азаматтығын балаларына әкелері сияқты беруіне жол бермейтін заң бар.
Азаматтықтың болмауының тағы бір себебі ешкімнің азаматтығы жоқ адам болмайтынына кепілдік бермейтін азаматтық туралы заңдардағы олқылықтардың нәтижесі. Мұның басқа себебі азаматтықты алуды немесе растауды немесе тууды тіркеуді қиындататын әлде мүмкін емес ететін бюрократиялық кедергілер болуы мүмкін. “Мемлекеттердің сабақтастығы” – яғни жаңа елдің пайда болуы немесе ескінің ыдырауы көптеген адамдардың азаматтығының жоқтығына әкелуі мүмкін. Мысалы, Орталық Азиядағы азаматтығы жоқ адамдардың көпшілігі осы уақытқа дейін жаңа тәуелсіз мемлекеттердің азаматтығын алмаған немесе оларға тиесілігін растамаған бұрынғы КСРО азаматтары немесе олардың ұрпақтары болып табылады.
Сондай-ақ, дискриминация немесе қудалау біреуді азаматтығы жоқ босқын немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударушы болуға мәжбүр етуі мүмкін. Бірақ азаматтығы жоқ адамдардың көпшілігі ешқашан өз елдерінен кетпегенін атап өткен жөн.
Азаматтығы жоқ адамдар білім беру немесе денсаулық сақтау сияқты негізгі құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуде, сондай-ақ некеге тұру, дауыс беру, банкте шот ашу, ресми жұмысқа орналасу, мүлікке иелік ету немесе еркін саяхаттау мүмкіндіктерінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Азаматтығы жоқтық адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғаудан айырады, сондай-ақ қоғамдағы алауыздықты тереңдетіп, теңсіздікті арттырады.
Көбінесе азаматтығы жоқтықпен бөтендену (отчуждение) сезімі бірге жүреді. Ол адамға оның армандары бұзылған, мүмкіндіктері шектеулі, ал өзі ешқайда тиесілі емес секілді сезімдерді тудырып, едәуір эмоционалды және психологиялық әсер етеді.
UNHCR, яғни БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігі 1950 жылы құрылғаннан бері азаматтығы жоқ босқындарға көмек көрсетіп келеді. Алайда одан бері оның азаматтығы жоқтық мәселесін шешу жөніндегі жұмысы айтарлықтай кеңейді.
Екі негізгі халықаралық шарт – 1954 жылғы Апатридтердің мәртебесі туралы Конвенция және 1961 жылғы Азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы Конвенция – азаматтығы жоқтық саласындағы халықаралық-құқықтық базаның негізі болып табылады.
Орталық Азияда UNHCR азаматтық туралы ұлттық заңнаманы және практиканы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге жәрдемдеседі. Сондай-ақ, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның Түрікменстан мен БҰҰ-на мүше көптеген басқа мемлекеттер сияқты 1954 және 1961 жылдардағы азаматтығы жоқтық туралы конвенцияларға қатысушы-мемлекеттер ретінде қосылуын жақтайды.
Осының аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы UNHCR-ға төрт негізгі салада жұмыс істеуді тапсырды: азаматтығы жоқтықты анықтау, алдын алу және азайту және азаматтығы жоқ адамдарды қорғау. Біз үкіметтерге заңдарды реформалауда техникалық қолдау және азаматтығы жоқтықтың алдын алу және азайту саясатын жүзеге асыруда көмек көрсетеміз. Сондай-ақ құқықтық көмек, кеңес беру және басқа да қолдау арқылы азаматтығы жоқ адамдар мен қауіпке ұшыраған қауымдастықтарды анықтау мен қорғау үшін жұмыс жасаймыз.
2014 жылы UNHCR азаматтығы жоқтық туралы хабардарлықты арттыру және мемлекеттерді азаматтығы жоқтықты жою үшін жаһандық әрекеттер мен міндеттемелерге итермелеу үшін #IBelong (#МенТиесілімін) науқанын бастады.
Науқан айтарлықтай жетістіктерге жетті, соның ішінде көптеген мемлекеттерді 1954 және 1961 жылдардағы Конвенцияларға қосылуға көндірді және оларды азаматтық құқықтарын, азаматтықты анықтау және тууды тіркеуді процедураларын кеңейтуге шақырды.
Орталық Азия мемлекеттері UNHCR-дің қолдауымен өз аумақтарында азаматтығы жоқтықты қысқарту мен алдын алуда елеулі прогреске қол жеткізді. Оған қоса Қырғыз Республикасы өз аумағында азаматтығы жоқтықтың барлық белгілі жағдайларын шешкен әлемдегі алғашқы ел болды.
Мемлекеттерді соңғы жылдары қол жеткізген прогрестерін дамытуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және өзгерістерді жеделдетуге шақыру үшін #IBelong науқанының жетістіктері мен динамикасына негізделген Азаматтығы жоқтықты жою жөніндегі Жаһандық Альянс 2024 жылдың қазан айында іске қосылады.
Әрбір мемлекет өз аумағында кімнің азаматтық алуға құқығы бар екенін анықтайды. Бұл оларға азаматтығы жоқтықпен тиімді күресу үшін қажетті құқықтық және саяси реформалар үшін жауапкершілікті жүктейді. Азаматтығы жоқтықты тоқтату үшін мемлекеттер қабылдауы керек негізгі әрекеттердің бірі:
Бұлар UNHCR-дің азаматтығы жоқтықты жою жөніндегі жаһандық іс-қимыл жоспарында айқындалған 10 іс-қимылдың бірі. Олар азаматтығы жоқтықтың қазіргі ауқымын шешу, жаңа жағдайлардың алдын алу және азаматтығы жоқ адамдарды анықтау мен қорғауды жақсарту үшін қажет негіздерді белгілейді.
Жаңа Жаһандық альянс мемлекеттерді, азаматтығы жоқ адамдар басқаратын ұйымдарды, БҰҰ агенттіктерін және басқаларды азаматтығы жоқтықты жою үшін біріктіре отырып, аталған әрекеттерді алға жылжытады.
UNHCR барлық Орталық Азия елдерінің азаматтығы жоқтық туралы екі Конвенцияға қосылу, азаматтығы жоқ адамдарды айқындау рәсімдерін әзірлеу және нығайту, сондай-ақ ұлттық заңнама мен практиканы азаматтығы жоқтықтың алдын алу жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жолындағы салып жатқан күш-жігерін қолдауды жалғастырады.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу