Қазақстандағы Америка Сауда палатасы шығаратын Investor’s Voice журналының медициналық санында UNHCR босқын мәртебесін тұрақты тұрғын мәртебесіне теңестіруге шақырады. Бұл босқындарға жалпыға бірдей медициналық сақтандыруға, сондай-ақ жергілікті деңгейде жұмысқа орналасуға, әлеуметтік көмек пен интеграцияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Медицина факультетінің 2 курс студенті Алмас өзінің көптеген құрдастарына қарағанда мықты денсаулық пен сапалы медициналық көмектің маңыздылығын аса жақсы түсінеді. Қазір ол Қазақстан халқына медициналық қызмет көрсету үшін біліктілік алуды асыға күтуде, бірақ сонымен қатар егер Алмас қант диабетімен ауырып қалса, емделуге мүмкіндігі болмайтынын түсінеді. Алмас бес жасынан бастап Қазақстанда босқын ретінде заңды өмір сүргеніне қарамастан, ол елде тек уақытша тұратын шетелдік болып саналады. Сондықтан Алмас әлі күнге дейін Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмекке қол жеткізе алмай жүр.
Жалпыға бірдей медициналық сақтандырудың тұрақты дамуға әсері
№3 Тұрақты даму мақсатының (ТДМ) 8-міндеті 2030 жылға қарай мемлекеттерді “қаржылық тәуекелдерден қорғауды, басты медициналық қызметтерге және қауіпсіз, тиімді, сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектер мен вакциналарға қол жеткізуді қоса алғанда, жалпыға бірдей медициналық сақтандыруды қамтамасыз етуге” шақырады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру әр адамның қаржылық қиындықтарға тап болмай, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Мұндай сақтандыру денсаулық сақтау саласындағы теңсіздік пен кедейлікті азайтады, елдегі экономикалық өнімділікті арттырады және әлеуметтік әділеттілікке, тұрақтылық пен келісімге әкеледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көрсеткендей, халықты медициналық қызметтерді өз қалтасынан төлеудің қаржылық әсерінен қорғау адамдардың кедейлік шегіне түсу қаупін азайтады, өйткені қажетті медициналық қызметтер мен емдеудің құны адамдардан өмірлік қаржы жинақтарын сарқуына, активтерін сатуға немесе басқалардан қарыз алуына алып келеді. Ал бұл – адамдардың және олардың балаларының болашағының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Тәуелсіздікті алғаш алғаннан бастап Қазақстан тұрақты дамуға ұмтылды. 2015 жылы Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) қабылдағаннан кейін Қазақстан ТДМ-ны елдің стратегиялық жоспарлауына енгізу үшін құқықтық база қалыптастырды және осы мақсаттарға қол жеткізудің ұлттық көрсеткіштерінің тізбесін бекітті. 2022 жылы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асырудың екінші ерікті ұлттық шолуы өткізілді. Ол Covid-19 пандемияға байланысты туындаған мәселелерге қарамастан, пандемиядан кейін Қазақстанның Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі шараларды әзірлеуді қоса алғанда, ТДМ-ға қол жеткізуде алға басқанын көрсетті.
Қазақстандағы медициналық сақтандыру
2020 жылы Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілді, соның арқасында осы салада қаржыландыру екі есеге ұлғайды. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушылар медициналық қызметтердің кең тізімін, соның ішінде бейінді мамандардың консультацияларын, балаларға арналған мамандандырылған тексерулерді, амбулаториялық стационарлық емдеуді, диагностикалық қызметтерді және стоматологиялық көмекті қосымша төлемсіз ала алады.
Алайда, Қазақстанда “уақытша тұратын шетелдіктер” болып қана саналатын босқындар мен пана іздеушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қолжетімділігі жоқ. Босқындар қазір жедел жәрдем қызметтері, алғашқы медициналық көмек, жалпы зертханалық зерттеулер және созылмалы ауруларды емдеу сияқты тегін медициналық көмектің “ең аз”, минималды көлеміне ғана қол жеткізе алады. Пана іздеушілер болса аталған медициналық көмектің одан да аз мөлшерімен қолдана алады, атап айтқанда, оларға басқаларға қауіп төндіретін ауруларға шалдыққан жағдайда және босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңдегі күтім ғана беріледі.
Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылған медициналық қызметтер босқындар мен пана іздеушілерге тек ақылы негізде ұсынылады. Ал бұл олар үшін көбінесе қаржылай қол жетімді емес болып табылады.
Ешкімді шетте қалдырмау
ТДМ және 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібі “ешкімді шетте қалдырмауға” міндеттейді, сонымен қатар әр адамның, әсіресе осал және маргиналданған топтардың елдің дамуынан пайда көруінің маңыздылығын атап өтеді.
“Ешкімді шетте қалдырмау” қағидатын сақтауға және БҰҰ-ның 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы Конвенциясына және оған 1967 жылғы Хаттамаға қол қоюға қарамастан, Қазақстанның бір жыл мерзімге уақытша тұрғын мәртебесін беру жөніндегі бірегей тәжірибесі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді және босқындардың тиісті құқықтарын жүзеге асырудағы мүмкіндіктерін шектейді.
Оқу мен жұмыс істеудің заңды мүмкіндігіне қарамастан, қазір босқындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорлары мен зейнетақы қорларына үлес қоса алмайды, сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақы ала алмайды. Мысалы, Қазақстанда босқындар мен пана іздеушілер мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, бала туылған кездегі жәрдемақы, бала күтімі бойынша және мүгедек баланы тәрбиелеуге арналған мемлекеттік жәрдемақыларды алуға құқықтары жоқ.
Басқаша айтқанда, босқындар мен пана іздеушілер шетте қалуда.
Босқындарды құқықтар мен қызметтерге тиісті қол жетімділікпен қамтамасыз ету
2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға қатысушы ретінде Қазақстанның міндеттемелеріне сәйкес босқындарға бес жыл мерзімге тұруға ықтиярхат беруді ұсынды. Бұл босқындарға мемлекеттік денсаулық сақтау мен сақтандыруға, сондай-ақ басқа да тиісті әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен қызметтерге автоматты түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2024 жылдың басындағы жағдай бойынша, Қазақстан босқындар туралы ұлттық заңға сәйкес үкімет мойындаған 262 босқынды қабылдады. Олардың көпшілігі Алмас сияқты Ауғанстаннан шыққан және елде бес жылдан астам, ал кейбіреулері 20 жылдан астам тұрып келеді. Олардың көбісі жергілікті тілдерді меңгерген, Қазақстан азаматтарымен бірге оқып, жұмыс істеп және жергілікті мәдениетке жақсы кіріскен.
2022 жылы Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын бекітті. Ол, атап айтқанда, босқындарға азаматтармен және тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру және әлеуметтік көмекке қол жеткізуге қатысты Босқындар мәртебесі туралы Конвенцияның ережелерін іске асыруды көздейді.
UNHCR адамның босқын ретінде танылған сәттен бастап босқын мәртебесін тұрақты тұрғынға теңестіру үшін шетелдіктердің құқықтық мәртебесі туралы заңға және босқындар туралы заңға түзетулер енгізуге Қазақстан Үкіметін шақыруды жалғастыруда. Нәтижесінде босқындар жалпыға бірдей медициналық көмекке, сондай-ақ жұмысқа орналасуға, әлеуметтік көмекке және жергілікті интеграцияға қол жеткізе алады.
Мұндай түзетулер Қазақстанның ешкімді шетте қалдырмауын, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуін және Босқындардың мәртебесі туралы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге, сондай-ақ босқындарға елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу