АСТАНА, 6 маусым 2023 ж. – Батыл қыздар, қонақжай қазақстандықтар, қамқор әкелер мен балалар, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын адамдар – міне осы аталғандар, “Шұғылалы ертегілер” ертегілер жинағы тақырыптарының шағын шеңбері ғана. Бүгін елордада халықаралық балаларды қорғау күніне орай ертегі кітаптың тұсаукесері өтті.
Астанада заманауи қазақстандық авторлардың ертегілер кітабының тұсаукесері өтті. Жинақ 5 жастан 12 жасқа дейінгі оқырмандарға арналған және қазақ тілінде заманауи қазақстандық балалар туралы шабыттандыратын әңгімелерді баяндайды. Ертегілерде табиғатқа ұқыпты қарау, салауатты өмір салтын ұстану, қонақжайлылық, басқаларға тең әрі әділ қарау, отбасылық құндылықтар тақырыптары қозғалады. Жинақтағы ертегілер тобы гендерлік стереотиптерді бұзады, мәжбүрлі көші-қон, пана іздеу және азаматтық құқықтар сияқты өзекті жаһандық мәселелерді талқылайды және балаларға осы ұғымдарды ертегі тілімен сіңіруді көздейді. Авторлар қазіргі заманның өзекті мәселелеріне тоқталды: мәселен, әңгімелердің бірінің кейіпкері Еркегүл смартфонында ұзақ уақыт отырғаны соншалық, ол өзінің смартфонының ішіне “құлап кетті”!
“Шұғылалы ертегілер” ертегілер кітабы – БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰ Халық саласындағы қоры (ЮНФПА), “БҰҰ Әйелдер”, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігі және “Шеврон” энергетикалық компанияның бірлескен жобасы. Кітапты басып шығару бойынша әріптес қазақ тіліндегі кітаптарды шығарудан жетекші баспагер ретінде бұрыннан танылған (“Гарри Поттер” және басқа да көптеген бестселлерлерді алғаш рет мемлекеттік тілге аударған) Steppe & World Publishing болды.
Іс-шараны ашарда БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори атап өтті: “Балалардың тұрақты даму туралы білуі өте маңызды. Бұл парақтарда біз жанашырлық, инклюзивтілік және әртүрлілікті құрметтеу сияқты құндылықтарды жеткізуге тырысамыз. Бұл жоба бірге бәріміз үшін неғұрлым тұрақты әлем құра алатынымызды білуге мүмкіндік береді”.
Тұсаукесерде Қазақстандағы БҰҰ-ның Халық саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Ронни Линдстром жас қонақтарына арнаған сөзінде: “Жинаққа қыздар мен ұлдардың тең екендігін көрсететін және бәріне бірдей мейірімді әрі әділ қоғамды көрсететін ертегілер енгеніне ерекше қуаныштымын”, – деп атап өтті.
“Мен Қазақстандағы барлық балалардың осы ғажайып ертегілерді оқып, қалыптасқан гендерлік стереотиптер мен рөлдерді өзгертетін қыздар мен ұлдар сияқты кейіпкерлермен танысқанын қалаймын. Оқырмандар оқиғалар арқылы жақсы істер жасайтын, достасуды білетін, басқаларға қамқорлық жасайтын, өз елдерін жақсы көретін және қоршаған ортаны қорғайтын, сондай-ақ білім мен жаңа технологияларға ұмтылатын біздің заманымыздың батыр қыздары мен батыр ұлдары туралы біледі”, -деді Қазақстандағы “БҰҰ Әйелдер” өкілі Мария Доценко.
“Мен бұл ертегілер кітабын 20 маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік босқындар күні қарсаңында ұсынғаныма қуаныштымын. Жинаққа басқа елдерден жаңадан келгендермен достық қарым-қатынас орнатудың және ынтымақтастық танытудың маңыздылығын көрсететін бірнеше әңгімелер кірді”, – деп атап өтті Орталық Азия бойынша БҰҰ-ның Босқындар Ісі Жөніндегі Жоғарғы Коммисарының Басқармасының өкілі Ханс Фридрих Шоддер.
Кітаптың тұсаукесері балалар үшін нағыз мереке болды. Аниматорлар кішкентай қонақтардың көңілін көтерді, ал ең белсенді балалар викторинаға қатысып, сыйлыққа “Шұғылалы ертегілер” ертегілер жинағын және кітаптарға арналған жарқын бетбелгілерді алды.
Жобаның іске қосылуына түсініктеме бере отырып, “Steppe & World Publishing” баспасының басшысы Раиса Сайран Қадыр: “Мен осы таңғажайып жобаның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Осы керемет оқиғаларды жазған авторларымызды мақтан тұтамын. Біз жобаның барлық қатысушыларына алғыс айтамыз және жобаның біздің қоғамға ұзақ мерзімді оң әсер етеді деп үміттенеміз”.
“Шұғылалы ертегілер” жинағының негізгі мақсаты – жас балаларды оқыту, олардың ой-өрісін кеңейту, эстетикалық саласын жақсарту, сөйлеуді дамыту және сөздік қорын байыту. Бұл ертегілердің негізі – аңдар мен құстар туралы аллегориялық әңгімелер. Шығармалар классикалық болмаса да, жинақтағы аңдар мен құстар қазіргі заманның әлеуметтік мәселелерімен күреседі, экология мен жаһандық әлемді қолдайды.
“Шұғылалы ертегілер” ертегілері Qonzhyq App қосымшасында аудио форматта қол жетімді. Ал жақын арада оқуды ұнататындар үшін жинақ кітап дүкендерінде сатылады деп күтілуде.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу