20 жастағы ауған босқыны, Алматыдағы Қазақстан-Ресей медициналық университетінің студенті, Табасум бала кезінен дәрігер болғысы келген еді. Ол арманын былай деп есіне алады: «6-сыныпта оқып жүріп, биологияны зерделей бастағанымда, менде адам ағзасының қалай жұмыс істейтінін түсінсем деген қатты қызығушылық пайда болды. Содан бастап науқас жандарға көмектессем деген ұмтылыс басты мақсатыма айналды».
Табасум оқудан ләззат алып, дәрігер болу арманының шындыққа айналып келе жатқанына қуанады. Бұл мүмкіндік ол үшін әсіресе маңызды – босқын болғандықтан, оған жоғары білім алу оңай емес.
БҰҰ БЖКБ-нің 2023 жылғы Босқындарды оқыту жөніндегі есебіне сәйкес, босқын жастар білім баспалдағымен көтерілген сайын олардың білімін ары жетілдіруі жолында тұрған бөгеттер де қиындай түседі екен. Босқындарды (Украиналық босқындарды қоспағанда) мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың жалпы деңгейі 38%, бастауыш біліммен қамтудың деңгейі – 65%, орта біліммен қамтуы – 41%, ал жоғары біліммен қамтуы – бар болғаны 6% құрайды. Барлық деңгейлерде босқындарды оқытумен қамту республикалық орташа деңгейден айтарлықтай артта қалып отыр.
Қазақстанда барлық босқындар мемлекеттік және жеке жоғары білім алуға қол жеткізе алады, қабылдау критерийлері барлық азаматтарға бірдей. Алайда босқындар тек ел азаматтарына берілетін мемлекеттік стипендияға өтініш бере алмайды.
Қазақстандағы екі ауғандық босқындар, Надиа мен Табасум DAFI босқындарға арналған стипендиялық бағдарламасының арқасында жоғары оқу орындарында білім алуда.
(Фото: UNHCR/ Изтурган Алдауев)
Табасумның ата-анасы оның университеттегі оқуының ақысын төлей алмайтын болғандықтан, оның орта мектептегі оқуының соңғы жылында Табасум болашақта қалай оқитындығы туралы кеңес алу үшін БҰҰ БЖКБ–ің серіктесі болып табылатын Қазақстан Қызыл Жарты Ай Қоғамына хабарласады, аталған ұйым оларға DAFI стипендиялық бағдарламасына өтініш беруге кеңес береді.
DAFI (Германияның Альберт Эйнштейн атындағы академиялық босқындар бастамасы) стипендиялық бағдарламасы жоғары және техникалық білім алу үшін оқу ақысына және ай сайынғы стипендияларды төлеуге қаржы бөлуі арқылы білікті босқын жастарға қаржылық қолдау көрсетеді. БҰҰ БЖКБ Қазақстанда DAFI бағдарламасын 2021 жылы енгізді, содан бері 21 босқын осы бағдарламаның арқасында қазақстандық университеттер мен жоғары оқу орындарында білім ала алды.
Табасум тым ерте жасынан бастап – босқын болған кезінде – қиындықтарды еңсеруді үйренді. Ол үш жаста болған кезінде оның отбасы Ауғанстаннан Қазақстанға қашуға мәжбүр болып, осы жерден қауіпсіз пана іздеген еді.
«Осында ел бізді жылы қарсы алғаны үшін және Қазақстанды өз үйімізге айналдыра алғанымыз үшін алғыс айтамыз.Тіл үйрену оңай болған жоқ, бірақ мектептің арқасында пен құрдастарымызбен араласудың арқасында біз бұл мәселені шеше алдық».
Өз ана тілі мен салт-дәстүрін сақтай отырып, Табасум отбасымен бірге қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін бойына сіңірді. «Біз ана тілімізді сақтап, Қазақстанда да тойланатын Наурыз сияқты мерекелерімізді тойлаймыз. Ата-бабамыздан келе жатқан осы дәстүрлерді сақтау маңызды. Сонымен бірге біз қазақ мәдениетіне қатысты іс-шараларға да белсене қатысамыз, бұл бізге дәл Ауған мәдениетіндей бай болып көрінеді. Бізге қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары өте ұнайды, олар қызықты және адам жаны үшін тартымды болып табылады.”
Босқын жастар үшін жоғары білімге қол жеткізе алу өте маңызды, өйткені бұл оларға өздерінің болашағын дұрыс жоспарлап, оның жарқынырақ болуын қамтамасыз етуге жол ашады. Білімнің қымбаттығы және шәкіртақы алу мүмкіндігінің жоқтығы жастардың көпшілігінің жоғары білім алуына бөгет болатын негізгі кедергіге айналды, ал адамда жоғары білімнің болуы Қазақстанда ақысының мөлшері қанағаттанарлық жұмысқа орналасудың негізгі кәсіптік шарты болып табылады.
Осы мәселені шешу үшін «Жаһандық босқындар форумы 2023» жиыны алдында Қазақстан өз жоғары оқу орындарындағы стипендиялық бағдарламасы шеңберінде халықаралық студенттерге арналған босқындар квотасын енгізуге міндеттеме алды. Бұл міндеттеме іске асырылғаннан кейін, босқын жастардың жоғары білімге қол жеткізуі айтарлықтай жақсаруы тиіс.
15 жылдан астам Қазақстанда тұрып жатқан Табасум мұнда бауыр басып кеткендіктен бұл елді өзінің екінші отанындай көреді. Ол хирург болуды, жұмыс тауып, қоғамның игілігіне үлес қосуды армандайды. “DAFI бағдарламасы менің өмірімді өзгертті. Қазір мен студентпін, оқуымда және күнделікті өмірімде маған алатын стипендиям көп көмектесіп отыр”, – дейді ол.
Facebook желісінде бөлісу Twitter желісінде бөлісу